Облигациялар шығарылымы
Облигациялар шығарылымының ерекшелігі
Облигация – айналым мерзімі алдын ала белгіленген, шығарылым шарттарына сәйкес облигация шығарған компаниядан ол бойынша сыйақы мен оның айналым мерзімі аяқталғаннан кейін ақшалай және өзге де мүліктік баламада номиналдық құнын алу құқығын растайтын бағалы қағаз болып табылады.
Айналым уақыты бойынша облигациялар қысқа мерзімді (1 жылға дейінгі), орта мерзімді және ұзақ мерзімді болып бөлінеді.
Қолданыстағы эмитенттер тобына байланысты мемлекеттік (үкіметтік), ғаламдық (халықаралық ұйымдар шығарған) және корпоративтік облигацияларға бөлінеді.
Корпоративтік облигациялар – бұл ақша қаражатын тарту үшін компаниялар шығаратын құрал.
Облигациялардың негізгі түрлері болып мыналар табылады:
1) бекітілген пайыздық мөлшерлемесі бар облигациялар, мұнда жарияланған бекітілген кірістілік осы облигацияның қолданылуының барлық кезеңінде өзгермейді;
2) қалқымалы пайыздық мөлшерлемесі бар облигациялар – пайыздық мөлшерлеме ауыспалы қалқымалы пайыздық мөлшерлемеге тәуелді және инфляция деңгейіне түзетілуі мүмкін;
3) нольдік купонды облигациялар пайыз төлеуді көздемейді, бірақ, дисконтпен, яғни номиналдық құнынан жеңілдікпен шығарылады;
4) қамтамасыз етілген облгациялар – бұл активтің нақты түрімен (құрал-жабдық, ғимарат, үй-жай, бағалы қағаздар және т.б.) қамтамаыз етілген бағалы қағаздар.
Облигациялар шығарылымының артықшылықтарына мыналарды жатқызуға болады:
1) кепіл берместен қаржыландыруды тарту мүмкіндігі;
2) міндеттемелер қоржынын әртараптандыруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қосымша заемдық капитал;
3) заеммен салыстырғанда салыстырмалы шығындар.
Бұдан басқа, компания басшылығы облигациялар шығарылымы кезінде компанияға толық бақылауды сақтайды және кредитор кәсіпорын пайдасын бөлу кезінде қатыспайды.
Облигациялық заемдарды орналастырудың кемшіліктеріне мыналарды жатқызуға болады:
1) облигацияларды орналастыру кезінде бірқатар қатаң талаптарды орындау қажеттілігі;
2) бағалы қағаздар эмиссиясын жүзеге асыруға нақты шығындар бар.
«Қор биржасында айналымға жіберілетін эмитенттер және олардың бағалы қағаздарына қойылатын талаптар туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі (ҚҚА) Басқармасының 2008 жылғы 26 мамырдағы №77 қаулысына сәйкес 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Биржаның ресми тізіміне тек соңғы он екі ай ішінде рейтингілік агенттік тағайындаған рейтингілік бағасы бар қарыздық бағалы қағаздар ғана енгізілетін болады.
Бұдан басқа рейтинг алуға эмитент ретінде, сонымен қатар кредиторларға, инвесторларға және басқа да қаржылық мүдделі тараптарға бірқатар артықшылықтар береді.
Тағайындалған рейтинг негізінде рынок қатысушылары негізделген қаржы шешімдерін қабылдай алады. Мысалы, көптеген компаниялар келіссөздер барысында өзінің қаржылық ақпаратын ашқысы келмейді, бұндай жағдайда тағайындалған кредиттік рейтинг кредитке қабілеттілігінің сенімді көрсеткішін көрсете алады. Тағайындалған кредиттік рейтинг жаңа облигациялық заемдарды орналастыруға, сонымен қатар заемның кредитке қабілеттілігі туралы ақпараттық анықтылығын арттыруға ықпал етеді.
Оң кредиттік рейтинг қаржыландыру көзіне қол жеткізуді кеңейтуге ықпал етеді, ол өз кезегінде эмитенттің қаржылық икемділігін арттырады. Зейнетақы активтерін, пай қорларын басқаратын инвестициялық компаниялар үшін, сондай-ақ инвестициялық қызметпен айналысатын басқа да компаниялар шін тәуелсіз рейтингілік баға мониторингтің ыңғайлы құралы болып табылады. Рейтингілердің өзгеруіне бағдар ұстай отырып, инвестициялық компаниялар өзінің инвестициялық қоржынына түзетулер жүргізуі мүмкін.
Корпоративтік басқару рейтингі компания құнының өсуіне ықпал етеді және директорлар кеңесі, атқарушы орган және компанияның акционерлерінің тиімді өзара іс-қимылын бағалай отырып, ұзақ мерзімді болашақта инвесторлардың сенімін сақтайды.
Аудармалар:
The issue of bonds
Выпуск облигаций








